Зайсандағы әуежай 75 пайызға дайын: жазда сынақ рейсі жүзеге асырылмақ
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданындағы әуежай құрылысының барысымен танысты. Сол жерде 300-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Бас мердігер - «ЭЛХОН СТРОЙ» ЖШС. Қазіргі таңда әуежай құрылысы 75 пайызға аяқталған.
Әуеайлақтың негізгі бөлігі — ұшу-қону жолағы, перрон және рульдеу жолы толық салынды. Аэродром аумағындағы дренаж жүйелері мен инженерлік коммуникациялардың құрылысы да аяқталды. Қазіргі уақытта терминал, апаттық-құтқару қызметі ғимараты, гараждар және жанар-жағармай сақтау қоймаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Шілде айында сынақ рейсі жүзеге асырылмақ. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2200 метр, аэровокзалдың жалпы аумағы 4000 шаршы метр болады. ️
Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде бірінші кезекте құрылыс сапасына мән беру керектігін жеткізіп, барлық жұмысты уақтылы аяқтау міндетін қойды. Айта кетейік, әуежай іске қосылғаннан кейін Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай аймағына және Қанас көліне халықаралық рейстер ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі бағыттар бойынша әуе қатынасы жолға қойылады. Әуежай Bombardier Q400, ATR-72 секілді өңірлік санаттағы әуе кемелерін қабылдайтын болады.


