Газета Мой Город

Заманауи кардиология санаулы сағат ішінде өмірді құтқарады, бірақ сынақтар мұнымен аяқталмайды

2 часа назад
0
Заманауи кардиология санаулы сағат ішінде өмірді құтқарады, бірақ сынақтар мұнымен аяқталмайды

Адамға «миокард инфарктісі» деген диагноз қойылғанда, алда тек екі жол бар сияқты көрінеді: не дәрігерлер көмектесіп үлгереді, не үлгермейді. Алайда кардиологтар бүгінде ең ауыр күрес көбіне өмірге төнген тікелей қауіп артта қалғаннан кейін басталатынын айтады.

Жедел жәрдем, шұғыл ауруханаға жатқызу, ота, жансақтау — мұның бәрі оқиғаның алғашқы тараулары ғана. Одан кейінгі кезекте апталап, айлап созылатын қалпына келу кезеңі тұр, бұл уақытта адам өз жүрегімен өмір сүруді қайтадан үйренеді.

Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында бұл жол науқас келіп түскеннен кейінгі алғашқы минуттардан басталады.

— Жедел коронарлық синдромы (ЖКС) бар емделушілер басымдық берілетін класқа жатады, — деді кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Инна Олейник. — Олар үшін жеке қабылдау бөлімшесі мен жеке маршрут бар. Егер диагноз расталса, науқас коронарография және коронарлық артерияларды стенттеу үшін дереу ангиографқа жіберіледі.

Бұл жерде бәрі уақыттың қадірін жақсы біледі. Артерия тромбпен бітеліп қалса, жүрек бұлшықеті оттегі тапшылығын сезіне бастайды. Босқа кеткен әр минут сайын миокард жасушалары зақымдалады. Сондықтан инфарктқа күдікті емделушіні бір топ маман қарсы алады. Кардиолог, реаниматолог және эндоваскулярлық хирург науқас келіп түскеннен кейін бірден жұмысқа кірісуге дайын тұрады. Мұнда дәрігерлер мен мейірбикелер 24/7 режимінде кезекшілік етеді.

Кардиология бөлімшесі 68 төсек-орынға есептелген, оның тоғызы қарқынды терапия блогында. Облыстық ауруханада тек өскемендіктерге ғана емес, бүкіл өңір тұрғындарына көмек көрсетіледі.

— Егер аудандағы емделушіде жедел коронарлық синдром дамитын болса, біздің мамандар жергілікті әріптестеріне тәулік бойы кеңес береді, — деп түсіндірді Инна Олейник. — Қажет болған жағдайда науқасқа емдеудің бірінші кезеңі тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі, содан кейін одан әрі тексеру және стенттеу үшін бізге жеткізіледі.

Ота немесе басқа да шұғыл араласулардан кейін емделуші жансақтау бөліміне түседі.

— Мұнда тікелей стенттеуден кейінгі немесе қарқынды консервативті терапия алып жатқан науқастар жатыр, — деді бас дәрігердің медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Лейла Әміреева. — Барлық төсек-орындар өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылайтын мониторлармен және орталықтандырылған оттегі жеткізумен жабдықталған. Бұл науқастардың жағдайын тәулік бойы бақылауға және кез келген өзгерістерге дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, заманауи кардиология шұғыл көмек көрсету шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен.

— Біздің ауруханада жедел коронарлық синдроммен ауыратын пациенттерді емдеудің толық сабақтастығы қамтамасыз етілген, — деп атап өтті Лейла Мұратқызы. — Адам диагноз қоюдан бастап бастапқы оңалтуға дейінгі жолды өтіп шығады. Қажет болған жағдайда оған тек аз инвазивті араласулар ғана емес, сонымен қатар ашық жүрекке оталар да жасалады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында жоғары технологиялық көмек көптеген емделуші үшін қолжетімді бола түсуде.

— 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында үш миллиард теңгеге жуық сомаға екі мыңнан астам кардиологиялық ота жасалды, — деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының директоры Данияр Исенов. — Жоғары технологиялық араласулар саны да артты.  Осы жылдың бірінші тоқсанының өзінде 875 миллион теңгеге 650 кардиологиялық ота жасалған. Аталған сандар кардиологиялық көмекке бөлінетін қаражаттың қалай өсіп келе жатқанын көрсетеді, бұл өз кезегінде мамандандырылған көмектің уақтылылығы мен қолжетімділігіне және жалпы медицинаның дамуына ықпал етеді.

Алайда дәрігерлердің өзі құтқарылған өмірді сәтті істің жартысы ғана деп біледі.

Инфаркттан немесе күрделі отадан кейін емделуші ұзаққа созылатын қалпына келу процесінен өтуі қажет. Сондықтан келесі кезең кардиологиялық оңалту болып табылады.

Бұл көптеген оқырман үшін тосын жаңалық болуы мүмкін, алайда жүрек-қан тамырлары ауруларының салдары кеуде тұсының ауырсынуымен немесе ентігумен ғана шектелмейді.

— Оңалту алты айға дейін созылуы мүмкін, — деп түсіндірді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас реабилитологы Толқын Секеева. — Әрбір емделуші үшін жеке қалпына келтіру бағдарламасы әзірленеді. Біздің міндетіміз – адамға тек денсаулықты ғана емес, сонымен қатар дербестікті, өмір сүру сапасын, өзін-өзі күту және үйреншікті істермен айналысу мүмкіндігін қайтару.

Кейде аурудың салдары ауыр болатыны соншалық, адамға үйреншікті дағдыларды қайтадан игеруге тура келеді.

— Көбінесе науқасты аяғынан тұрғызып, қайтадан жүруге, қасық ұстауға, өзін-өзі күтуге үйрету қажет, — деп атап өтті маман. — Сондықтан бағдарламаға тек дәрі-дәрмекпен емдеу ғана емес, сонымен қатар емдік дене шынықтыру, физиотерапия, психологтардың жұмысы және басқа да қалпына келтіру әдістері кіреді.

Облыстық аурухананың оңалту орталығында жыл сайын жүздеген пациент емдеуден өтеді. Мұнда дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, психологтар, физиотерапевтер, массажистер және басқа да мамандар жұмыс істейді.

— Біздің бөлімше миокард инфарктісі мен ашық жүрекке жасалған отадан кейін науқастарды оңалтудың екінші және үшінші кезеңдерін жүргізеді, — деп бөлісті облыстық оңалту орталығының кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Татьяна Сергеева. — Біз облыстық аурухананың кардиохирургтарымен тұрақты байланыстамыз және науқас ауруханадан шыққаннан кейін бірден емдеуді жалғастырамыз.

Жүрек ауруларына тек егде жастағы адамдар ғана емес, жастар да шалдығатынын Қайнар Молдабаевтың оқиғасы еске салады. Жігіт небәрі 19 жаста. Бұл жастардың көпшілігі кардиохирургиялық операциялар туралы емес, оқу, достар және болашақ мамандық туралы ойлайтын кез.

Қайнарға жүректің бірден екі маңызды бөлімінің зақымдануына әкеп соққан ауыр ауру – жедел инфекциялық эндокардит диагнозы қойылды. Мұндағы жалғыз жол митральды және аорталық қақпақшаларды протездеу бойынша күрделі отаны жасау болды. Ең қорқыныштысы артта қалды, бірақ сауығу жолы әлі жалғасуда.

Бүгінде жас жігіт оңалтудың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Әр күн ол үшін емдік дене шынықтырудан және мөлшерленген кардио жүктемелерден басталады. Біртіндеп ағза өзгерістерге бейімделеді, күш пен төзімділік қайта оралады.

— Отыра бермей, көбірек жүруге тырысамын, — деді Қайнар. — Мұндағы қызметкерлердің қарым-қатынасы үлкен септігін тигізеді. Көңіл-күйді көтеріп, бәрі жақсы болатынына сенім ұялатады.

Оның оқиғасы жүрек ауруының жас талғамайтынын айқын көрсетеді. Бірақ сонымен бірге ол медицинаның заманауи мүмкіндіктері ең қиын жағдайларда пациенттерді құтқарып қана қоймай, оларды белсенді өмірге қайтаруға мүмкіндік беретінін дәлелдейді.

Дәрігерлер инфаркт, жүрекке ота жасау немесе басқа да ауыр кардиологиялық ауру адамды біржола өзгертетінін мойындайды. Алайда бүгінде бұл үкім де, соңғы нүкте де емес. Бұл – емделушінің қалыпты өмірге оралуына, яғни ең маңызды қадамын жасауына көмектесетін кардиологтар, хирургтар мен реабилитологтардың қасынан табылатын жаңа кезеңнің бастамасы.