Тарбағатай ауданында заманауи балық шаруашылығы кешенінің құрылысы басталды
Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында балық өсіру және оны терең өңдеуге арналған заманауи кешеннің құрылысы басталды. Осыған орай жаңа нысанның іргетасына естелік капсула салынды.
Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Рустембекұлы, жоба инвесторлары мен жауапты мамандар, Тұғыл ауылының тұрғындары, ауыл ақсақалдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаевтың айтуынша, кәсіпорынның жылдық қуаты 4 мың тонна балық өнімін құрайды. Жоба аясында кемінде 150 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
«ZAISAN SEE» ЖШС қолға алған жоба балық өсіруден бастап, оны терең өңдеу, дайын өнім шығару және экспорттауға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. Жобаның инвесторы – Польша азаматы Петр Басиевич.
Кешен жұмысының негізгі бағыттарының бірі – балықты табиғи және табиғиға жақын жағдайда өсіру. Жоба аясында бағалы әрі экспорттық сұранысы жоғары балық түрлерін көбейтуге басымдық беріледі.
Көксерке шабағын өндіру көлемі жылына 30 тоннаға дейін жетеді деп жоспарланған. Бұл балық қорын молайтуға, тауарлы балық өсіруге және дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Тұғыл ауылэлийнде балық шаруашылығы, акваөсіру және балық өңдеу салаларына маман даярлайтын бейінді колледж ашу да қарастырылған. Бұл жергілікті жастардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, жаңа кәсіпорынға жұмысқа орналасуына жол ашады.
Жоба Мемлекет басшысының балық шаруашылығы мен акваөсіруді дамыту, отандық өнімді терең өңдеу, шетелдік инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

