Өскеменде ірі кітапханалардың бірі жаңартылды
Ауқымды жаңарту жұмыстары А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының 130 жылдығына орай жүргізілді.
— 2000 жылдардың соңында мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілгені оқырмандардың есінде шығар, бірақ содан бері ешқандай жөндеу болмаған, — деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов. — Жуырда мұнда бюджет қаражатынсыз, демеушілер есебінен жаңғырту жүргізілді. Осындай жұмыстар Өскемен, сондай-ақ облыстың өзге де елді мекендерінің кітапханаларында жалғасатын болады. Ең бастысы — оқырмандар үшін қажетті жағдай жасау.
Сонымен қатар А. С. Пушкин атындағы кітапхана жанынан Ақтан Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебі ашылды.
— Осында жас ақындар аға буын өкілдерімен, тәлімгерлермен кездесіп, сайыстарына дайындала алады, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, кітапханада әкімге кітаптар мен газеттерді цифрландыруға арналған озық үлгідегі жабдықтар таныстырылды.

