Газета Мой Город

Өскеменде дәстүрлі садақ атудан III Қазақстан чемпионаты аяқталды

9 июля 2024, 16:12
0
Өскеменде дәстүрлі садақ атудан III Қазақстан чемпионаты аяқталды

Сіздер мұны Олимпиада ойындарында көруге үйреніп қалған садақ атумен шатастырмаңыздар. Бұл садақ атудағы ежелгі аң аулау және соғыс құралының қазіргі заманғы жарыстарға қолданылатын садақтардан айырмашылығы сол, мүлдем жаңартылмаған. Карбон орнына дәстүрлі ағаштан жасалған садақ қолданылады. Тура бір кездері сақтар, славяндар немесе қыпшақтар, біздің ежелгі ата-бабаларымыз қолданған садақтар сияқты.

Нысанаға атуды жеңілдететін ешқандай көздеуіш немесе басқа атрибуттар жоқ. Тек сен, сенің түйсігің, желді сезуің, дөп көздейтін көзің, берік садақ және жебені тартқан кездегі жүрек соғысының арасындағы бір сәт қана бар. Мұның өзі ерекше сезімге бөлейтіні рас.

— Бұл дәстүрлі садақ атудан Қазақстанның үшінші чемпионаты, — дейді Шығыс Қазақстан облысындағы осы спорт түрінің бас энтузиасты Ажар Төлеуханова. — Біз үшін шығысқазақстандықтарға қозғалысымыздың көлемін, ауқымын көрсету өте маңызды болды. Бұл әдемі спорт түрін басшылық көріп, осы спорт түрін дамытуға ғана емес, халқымыздың дәстүрлерін тереңірек зерттеуге жаңа серпін беретін қолдау көрсетуі үшін де өткіздік.

Көрініс көңіл толқытарлық болды. Бұл жерге келгендер тек садақ ату үшін жиналмаған екен. Жарыс рөлдік ойынға немесе ашық аспан астындағы мұражайға айналады, өйткені әр қатысушы жарысқа тек тарихи бейнеде біздің ата-бабаларымыз ұрысқа барған немесе шыққан киіммен немесе сауытта шығуға міндетті. Бейне толық болмаса да, киімде тарихи және этникалық элементтің болуы міндетті талап болып табылады. Бұл талапқа тіпті өнер көрсетуге мүгедектер арбасымен келгендер де құрметпен қарады.

Өскеменде толассыз жауған жауын да бұл жарысты өткізу кезінде бір бөлек әңгіме болғаны анық. Дегенмен, жауын бізге, фотографтарға, ғана көбірек кедергі келтірген сияқты. спортшылар мен ұйымдастырушылар оны місе тұтқан жоқ.

— Біз үшін жалпы жаңбыр кедергі болған жоқ, өйткені спортшылар ата-бабамыздың садақ ату шарттарына толық енгізілді. Олар күн, жауын, жел немесе аптап үшін садақ атпай қалған жоқ қой, — деп жалғастырады Ажар Төлеуханова. — Біз барлық спортшыларға жаңбыр жамылғыларын ұсындық, бірақ көбі оларды қолданбады немесе атудан кейін киді, өйткені жаңбыр жамылғысы қозғалысты тежейді және бұл нәтижеге әсер етуі мүмкін. Жаңбырдың жалғыз жағымсыз жағы — қауырсындардың дымқыл тартуында жатыр. Бірақ қатысушылардың ешқайсысы шағымданбады. Мұндай ауа-райына әсіресе оңтүстік тұрғындары мен батыс облыстарының балалары қатты қуанды. Олар салқын ауа-райына ерекше рахаттанды.

Салқындықтың жағымды болғаны соншалық, еліміздің ыстық аймақтарынан келгендер командалық есепте барлық үш орынды иеленді: Түркістан облысының атқыштары командалық біріншілікте жеңіске жетті, Маңғыстау спортшылары жалпы командалық екінші орынды, ал Алматы облысы өкілдерінің арасында үшінші орынды иеленді.

— Біз жүз пайыз қонақжайлылық таныттық және бірде-бір медаль жеңіп алған жоқпыз, — деп әзілдейді Ажар. — Шын мәнінде, біздің балалар мықты. Мысалы, төртінші орынды иелендік. Және бұл көрсеткіштер Өскемендегі бөлімше жақында ғана ашылғанына қарамастан қол жеткізіліп отыр, біздің көптеген садақшыларымыздың екі айлық жаттығу тәжірибесі ғана бар.

Әсіресе, Тарбағатай ауданынан келген Балжан Бектұрованың мергендігіне бір мезгілде қуанып, бірақ медальдің қолынан сусып кеткені үшін ашынуға болады. Ол тіпті қола үшін "атысты". Қолаға тартыстың бірінші раунды тең аяқталса, екінші раундта қарсыласының жолы болып кетті. Спортшыны осы аралық табысқа жаттықтырушы Ербол Қанафин алып келгенін айта кеткен абзал.

ШҚО-да дәстүрлі садақ атудың даму тарихы негізінен Ажар Төлеуханованың есімімен байланысты. 2019 жылы шығысқазақстандық жігітке тұрмысқа шығып, Глубокое кентіне көшіп келген елордалық қыз садақ ату бойынша алғашқы үйірмені ашады. Оның өзі бұл спорт түрімен Астанада айналысқан екен, бұл кәсіп алдымен оның хоббиі болса, енді кәсібіне айналды. Қазіргі уақытта ол Астанада жақын арада басталатын көшпенділер ойындарына іріктеуден өткен Шығыс Қазақстанның жалғыз өкілі. Сондай-ақ, Ажар осы спорт түрі бойынша Глубокое және Өскеменде жаттықтырушының функцияларын бір өзі атқарып отыр. Өзінің айтуына қарағанда, оның екі секциясында 80-ге жуық бала дәстүрлі садақ атумен айналысады.

— Қазіргі уақытта мен өзім спортшы болғандықтан және көшпенділердің ойындарына дайындыққа байланысты көп уақытымды жиындарда өткіземін, сондықтан, өкінішке орай мен тек балалармен айналыса алмаймын, — дейді сұхбаттасушы. — Осы жарыстарда мен де ұйымдастырушы болдым, сондықтан ШҚО балаларына тиісті көңіл бөле алмадым. Бірақ күз  басталғанда секцияда жаңа жиын өткізіп, атқыштардың жаңа буынын қалыптастырумен тығыз айналысамын деп үміттенемін.

Осы жаңа-ескі мәдениеттің бір бөлігі болғысы келетіндердің бәрі Ажар Төлеуханованың секциясына жазылу үшін 8-702-343-87-40 телефоны бойынша хабарласуына болады.