Шығыс Қазақстанда «Тең мүмкіндіктер» фестивалі өтті
Мұнда балалар «ерекше» және «қарапайым» болып бөлінбейді. Мұнда бәрі – бір команда. Олар бір-бірінің жетістігіне қуанады, қиындықтарды бірге еңсереді және шынайы күштің қолдау мен бірлікте екенін дәлелдейді!
Өскемен қаласында «Әділет» партиясының бастамасымен «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтті.
17 команда, ондаған жас спортшы және бір ортақ мақсат – спорттың баршаға қолжетімді екенін көрсету!
Шығыс Қазақстанның қалалары мен аудандарынан келген қатысушылар спорт алаңында бас қосып, бочча, жеңіл атлетика және «Көңілді старттар» бойынша бақ сынады.
Алайда бұл жерде секунд, ұпай мен медаль басты орында болған жоқ. Ең маңыздысы – жанынан табылу, көмек қолын созу, жолдасын қолдау және нәтижеге бірге ұмтылу.
Фестивальдің ерекшелігі де осында: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастары иық тіресе өнер көрсетіп, бір-біріне сенуді үйренеді және нағыз командада әр адамның маңызды екенін түсінеді.
Фестивальдің ашылуында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев қатысушыларды құттықтап, барлық балаларға тең мүмкіндік жасаудың маңызын атап өтті.
Ал спорттық бәсеке шын мәнінде тартысты әрі әсерлі өтті!
Біздің жеңімпаздар:
Бочча:
- «Искра» – Өскемен қаласы
- «Луч» – Өскемен қаласы
- «Атлетико» – Өскемен қаласы
«Көңілді старттар»:
- «Ракета» – Ұлан ауданы
- «Ақ сұңқарлар» – Марқакөл ауданы
- «Шемонаиха 2» – Шемонаиха ауданы
Жеңіл атлетика:
- «Глубоковское» – Глубокое ауданы
- «Мұрагер» – Күршім ауданы
- «Бірлік» – Күршім ауданы
Әр марапаттың артында – еңбек, командалық жұмыс және жеңіске деген ұмтылыс бар. Ал әр қатысушының артында – өзіне ғана тән кедергілерді еңсеру жолы мен үлкен жеке жетістігі жатыр.
«Мұндай фестивальдердегі ең үлкен жетістік – балалардың бір-бірін қолдауы, бірге әрекет етуі және өз мүмкіндіктеріне сенуі. Бүгінгі фестивальге қатысқан әр бала – жеңімпаз», – деп атап өтті «Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан филиалының Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Алтынай Жаркенбаева.
Фестивальді ұйымдастыруға «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты, бейінді мемлекеттік органдар, спорт ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер атсалысты.
Ал үздік командаларды қазан айының соңында өтетін «Тең мүмкіндіктер» фестивалінің республикалық кезеңі күтіп тұр.
«Тең мүмкіндіктер» – бұл спорттан әлдеқайда ауқымды ұғым. Бұл – кедергісіз достық. Қолдаудың арқасында қалыптасатын сенім. Әр бала өзінің мүмкіндіктері маңызды екенін, еңбегінің бағаланатынын және жетістігіне шын жүректен қуанатын адамдар бар екенін сезінетін қоғам.

