Газета Мой Город

ШҚО-ның Ұлан ауданында көктемгі егіс науқаны қалай жүріп жатыр

час назад
0
ШҚО-ның Ұлан ауданында көктемгі егіс науқаны қалай жүріп жатыр

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Ұлан ауданына барды. Сапар барысында аймақ басшысы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, ауданның бірқатар ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жұмысын көрді.

Бүгінде ауыл шаруашылығы Ұлан ауданы экономикасының негізгі саласы болып қала береді. Жалпы өнім көлемінің 60 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Сонымен қатар аудан өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту және халықты жұмыспен қамту бағыттары бойынша тұрақты даму қарқынын сақтап отыр.

Жұмыс сапары Украинка ауылынан басталды. Аймақ басшысы ауданның ірі агроқұрылымдарының бірі – «Украинское» ЖШС-не барды. Кәсіпорын 30 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда егін және мал шаруашылығы қатар дамыған, 72 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Шаруашылықтың басты ерекшелігі — суармалы жерлерді белсенді пайдалануында. Мұнда бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, жүгері және мал азығы дақылдары өсіріледі. Егістік алқабының жалпы көлемі шамамен 5 мың гектарды құраса, жайылымдық жер көлемі 9,5 мың гектардан асады.

Кәсіпорын алқаптарында заманауи жаңбырлатып суару қондырғылары жұмыс істейді. Суару станциясының аға операторы Юрий Пикулиннің айтуынша, жүйе егістік алқабының барлық аумағын қамтып, судың біркелкі берілуін қамтамасыз етеді.

«Мұндай жүйе әсіресе аптап ыстық кезінде өте қолайлы. Су біркелкі беріледі, техника тұрақты жұмыс істейді», — деді Ю.Пикулин.

Шаруашылық су көзін Ертіс өзеніне қосылған Лебяжинск суару жүйесінен алады. Кәсіпорынның техникалық паркі 193 ауыл шаруашылығы техникасынан және алты жаңбырлатып суару құрылғысынан тұрады.

Жұмыс сапары Донское ауылында жалғасты. Мұнда Нұрымбет Сақтағанов «Ертіс» ЖШС-нің жұмысымен танысты. 1998 жылы құрылған кәсіпорын ауданның тұрақты жұмыс істейтін шаруашылықтарының бірі саналады. Мұнда 105 адам еңбек етеді.

Шаруашылық егін және мал шаруашылығын қатар дамытып келеді. Биылғы егіс көлемі шамамен 3 мың гектарды құрайды. Негізгі басымдық бидай, арпа, күнбағыс және мал азығы дақылдарына берілген.

Сапардың келесі бағыты — Таврия ауылы болмақ. Облыс әкімі мұнда дәнді және майлы дақылдар өсіруге маманданған «Изумруд» шаруа қожалығына барады. Шаруашылықтың құрылғанына 15 жылдан сәл асса да, өндірістік базасын тұрақты түрде кеңейтіп келеді.

Жұмыс сапары Каменка ауылында қорытындыланады. Аймақ басшысы «Қайрат» шаруа қожалығы мен «Каменское SP» ЖШС қызметімен танысады. Бұл кәсіпорындар ауданның ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қатарына жатады және егін мен мал шаруашылығын белсенді дамытып отыр.

«Каменское SP» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 15 мың гектардан асады. Егіс құрылымында бидай, арпа, күнбағыс, жүгері және судан шөбі бар. Кәсіпорында 80-нен астам адам жұмыс істейді.

Жұмыс сапары барысында Нұрымбет Сақтағанов көктемгі егіс науқанының қарқынына, шаруашылықтардың техникалық жабдықталуына және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударды.

Мамандардың айтуынша, аудан аграршылары өндіріс көлемін арттырумен қатар, заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, суару жүйелерін дамыту, техниканы жаңарту және мал азығы базасын күшейту - өңірдегі ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының басты негізіне айналуда.