ШҚО Иранмен ынтымақтастықты кеңейтуде
Шығыс Қазақстанда өндірілетін өсімдік майы Иран нарығында сұранысқа ие. Енді өңір сауда-саттықтан бастап бірлескен өндіріс орындарын ашуға дейінгі ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Иранның Алматы қаласындағы Бас консулы Сона Ахмади талқылады, деп хабарлайды YK-news.kz.
Биылғы тоғыз айда облыстың Иранмен арадағы тауар айналымы 10,5 млн АҚШ долларын құрады. Оның 9,3 млн долларға жуығы - Шығыс Қазақстаннан экспортталған өнім. Экспорттың басым бөлігі өсімдік майына тиесілі.
Кездесу барысында тау-кен өнеркәсібіне жаңа технологияларды енгізу, автокөлік жолдары мен тұрғын үй құрылысы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Сонымен қатар университеттер арасындағы байланыс, білім беру саласындағы жаңа технологиялар және сауда палаталарының өзара іс-қимылы сөз болды.
«Ең бастысы - екі елдің кәсіпкерлері мен кәсіпорындары үшін қолайлы жағдай жасау, өзара тиімді өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және бизнесті дамыту», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Ауыл шаруашылығы саласында да әріптестікті дамытуға мүмкіндік мол. Шығыс Қазақстан өсімдік майы мен бал өндіруден еліміздегі жетекші өңірлердің қатарында. Ал Алтайдың көркем табиғаты мен бай тарихи-мәдени мұрасы туристік байланыстарды дамытуға негіз бола алады.
Инвестиция тарту және әлеуетті серіктестермен өзара іс-қимыл мәселелерін облыс әкімінің орынбасары тікелей үйлестіреді. Ал тиісті басқармалар аталған бағыттар бойынша түскен ұсыныстарды пысықтайды.
Фотоны облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынды

