ШҚО-да Өскемен – Ресей шекарасы бағытындағы автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жалғасуда
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы республикалық маңызы бар Өскемен — Шемонаиха - Ресей Федерациясы шекарасы автомобиль жолындағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы хабарлады.
Аталған жолдың Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі жалпы ұзындығы 121 шақырымды құрайды. 2024-2025 жылдары бұл бағытта орташа жөндеу жүргізіліп, 94 шақырымға жаңа асфальтбетон жабыны төселген.
Биыл жұмыстар Зевакино ауылынан Рассыпное ауылына дейінгі 27 шақырымдық учаскеде жалғасады. Бұл жол бөлігі ағымдағы жылы орташа жөндеуден өтпек. Мердігер ұйым ретінде «ОблШығысЖол» ЖШС анықталып, қазіргі уақытта дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында басталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қолайсыз ауа райына (жаңбыр мен қарға) байланысты жөндеу жұмыстарын бастау мүмкін болмай отыр.
Жобаға сәйкес жол негізін ресайклирлеу, сонымен қатар, асфальтбетон жабынын екі қабаттап төсеу жұмыстары жоспарланған.
Құрылыс маусымы аяқталған соң Өскемен қаласынан Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі жол бойымен көліктердің толықтай қатты жабынмен қозғалуына мүмкіндік беріледі. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтау көзделіп отыр.

