Газета Мой Город

ШҚО-да ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылады

29 июля 2024, 13:06
0

670 адамға арналған мекеме Үлкен Нарын ауылдық округіндегі жаңа емханада орналасады екен.

— Ғимарат бос тұрған, — деп түсіндірді Үлкен Нарын ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Елдос Байрахметов. — Біз оңалтуды ұйымдастыруға көмек берер деген үмітпен "Қазақстан халқына" қорын шақырдық.

Қормен жұмыс наурыз айында басталды. Бүгінгі күні болашақ орталықтың эскизі дайын. 29 маманды, оның ішінде үш дәрігерді оқыту жоспарлануда. Оқыту көшпелі болады, оның шығындарын "Қазақстан халқына" қоры өтейді. Сондай-ақ, қор орталықты оңалту қызметтерін көрсетуге арналған жабдықтармен және мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етеді. Жергілікті бюджет есебінен тек эскизге сәйкес емхана ғимаратын жөндеу қажет болады.

— Жылына 670 баланы қабылдай аламыз, — деп атап өтті Елдос Байрахметов. — Бұл ауданның дамуына ықпал етеді, өйткені бізге Катонқарағай, Марқакөл, Зайсан, Күршім, Серебрянск қалаларынан келген балалар, ал балалармен бірге олардың ата — аналары мен туыстары да келеді. Олар бір жерде өмір сүріп, тамақтануы керек, яғни бізде шағын бизнес те дами бастайды.

Орталық пациенттерге үш сатылы оңалтуды ұсынатын облыстағы екінші нысан болады. Біріншісі Өскемендегі Ана мен бала орталығының базасында жұмыс істеп тұр.