Газета Мой Город

ШҚО-да балалар кардиохирургиясының дамуы туралы айтылды

4 часа назад
0
ШҚО-да балалар кардиохирургиясының дамуы туралы айтылды

Астаналық дәрігерлер Ана мен бала орталығында кішкентай пациенттерге кеңес беріп, тексеру жүргізді. Тексеруден жиырмаға жуық шығысқазақстандық бала өтті.

Тексеруден кейін өткен брифингте UMC Жүрек орталығының балалар кардиологиясы бөлімінің меңгерушісі Альмира Байғалқанова туа біткен жүрек ақаулары балаларда

ең жиі кездесетін туа біткен патологиялардың бірі болып қала беретінін еске салды.

– Әлемдік статистикаға сәйкес, мың жаңа туған нәрестенің шамамен 8–10-ында жүрек құрылымының әртүрлі аномалиялары анықталады, – деп хабарлады балалар кардиологы. – Осыған ұқсас көрсеткіштер Қазақстанда да байқалады, мұнда туа біткен жүрек ақауларының таралуы 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда шамамен 8-9 жағдайды құрайды.

Мамандардың бағалауынша, жыл сайын елімізде осындай диагнозы бар үш-төрт мыңға жуық бала дүниеге келеді. Пациенттердің кейбірі ерте жаста хирургиялық коррекцияны қажет етсе, ал басқалары ұзақ уақыт бойы кардиологтардың бақылауында болуы керек.

– Бүгінде туа біткен жүрек ақауы үкім болып саналмайды, – деп атап өтті Альмира Иағалиқызы. – Кардиология мен кардиохирургияның дамуының арқасында мұндай жағдайлардың көпшілігі сәтті емделіп, түзетілуде. Біздің орталықта жыл сайын 500-ге жуық ота жасалып, олардың 90 пайызға жуығы сәтті аяқталады.

Дәрігердің айтуынша, осы мәселеде ерте диагностиканың маңызы зор. Орталықта емделген науқастардың 77 пайызында жүрек ақауы жүктілік кезінде ультрадыбыстық скрининг арқылы анықталған. Ал қалған 23 пайыз жағдайда диагноз бала дүниеге келгеннен кейін – өмірінің алғашқы айларында немесе жылдарында қойылған.

– Сондықтан ата-аналар қандай белгілерге назар аудару керектігін білуі маңызды, – деп толықтырды сөзін бөлім меңгерушісі. – Оған баланың тез шаршауы, ентігуі, еріннің немесе терінің көгеруі, салмағының жеткіліксіз болуы, тыныс алу ауруларына жиі шалдығуы сиықты белгілерді жатқызуға болады.

Диагностиканың негізгі әдісі эхокардиография болып табылады, бұл жүректің ультрадыбыстық зерттеуі. UMC Жүрек орталығында жыл сайын балаларға 15 мыңнан астам осындай зерттеу жүргізіледі.

Шығыс Қазақстан облысына жасаған іссапар барысында мамандар жүрек ақауы болуы мүмкін балаларға кеңес берді. Барлығы 20-ға жуық пациент тексеріліп, әрқайсысына эхокардиография жасалды, сондай-ақ одан әрі бақылау немесе емдеу бойынша ұсынымдар берілді.

UMC Жүрек орталығының балалар кардиохирургиясы бөлімінің кардиохирургі Тлектес Нашкенов қазіргі заманғы медицинаның мұндай ауруларды емдеуге мүмкіндіктері мол екенін атап өтті.

– Туа біткен жүрек ақауларының түрлері өте көп, – деп түсіндірді маман. – Олардың ішінде ең жиі кездесетіні – жүрекшеаралық және қарыншааралық перде ақаулары, ашық артериялық өзек, сондай-ақ неғұрлым күрделі болып табылатын аралас ақаулар.

Оның айтуынша, ота жасау қажеттілігі туралы шешім баланың жағдайы мен ақаудың ерекшеліктеріне байланысты жекелей қабылданады. Кейде пациенттің кардиологтың бақылауында болуы жеткілікті, ал кейбір жағдайларда науқасқа хирургиялық түзету қажет.

– Соңғы жылдары балалар кардиохирургиясы айтарлықтай алға жылжыды, – деп атап өтті дәрігер. – Бүгінде жүрекке жасалатын ашық оталар, кеуде қуысын кеспей, қан тамырлары арқылы эндоваскулярлық араласулар, сондай-ақ түрлі технологияларды біріктіретін гибридті оталар қолданылады.

Қазақстанда балалардың туа біткен жүрек ақауы бойынша жылына ашық жүрекке 1500-ден астам ота жасалады. Оның 500-ге жуығын UMC Жүрек орталығының мамандары орындайды. – Заманауи тәсілдер анатомиялық ақауды түзетуге ғана емес, сонымен қатар баланың өмір сүру сапасының болашақта жақсы болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Тлектес Нашкенов. – Көп жағдайда хирургиялық түзетуден кейін балалар толыққанды өмірге оралады, мектепке барып, құрдастарымен қатар дамып, оқи алады.

Мамандардың өңірге жасаған сапары «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының UMC Жүрек орталығымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан туа біткен жүрек ақауларына арналған «Пациент мектебі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба отбасыларға қолдау көрсетуге, ата-аналардың ерте диагностика мен заманауи кардиологияның мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған.

Мира Круль