ШҚО қалаларында қоқысқа толы 19 пәтер анықталды
Олардың басым бөлігі Өскеменде орналасқан. «Плюшкин синдромы» деп аталатын мәселе бүгінде тек тұрмыстық емес, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылады. ШҚО полиция департаментінің өкілдері осындай үйлердің тұрғындары тап болатын тәуекелдер мен оларға ден қою шаралары туралы айтып берді.
ШҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Жарлығақовтың айтуынша, қоқысқа толы пәтерлер айналадағыларға үлкен қауіп төндіреді.
– Мұндай пәтерлер өрт шығу қаупін тудырып, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, антисанитария мен өткір жағымсыз иістердің таралуына ықпал етеді. Мемлекеттік органдарға тұрғындардан жүйелі түрде осыған қатысты көптеген арыз-шағымдар келіп түседі, – деп атап өтті полиция қызметкері.
Полицияның ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта облыс аумағында осындай 19 пәтер анықталған: оның 18-і – Өскеменде, біреуі – Риддерде. Көбіне онда егде жастағы адамдар тұрады.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және уақтылы әрекет ету үшін өңірде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына полиция, ТЖ қызметі бөлімшелері, тұрғын үй инспекциясы, әлеуметтік қорғау органдары, Аумақтық басқару орталығы, сондай-ақ «Таза Өскемен» КМК өкілдері енді. Қызметтер арасында жедел ақпарат алмасу үшін жұмысқа арналған ортақ чат ұйымдастырылған.
Мұндай пәтерлерді анықтаумен әкімшілік учаскелерді аралау кезінде учаскелік полиция инспекторлары айналысады. Дерек тіркелгеннен кейін ақпарат қажетті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға және тиісті қызметтерге жіберіледі.
Нұрлан Жарлығақовтың айтуынша, мұндай жағдайларды анықтаудың ең тиімді жолы – тұрғындардың өздерінен келіп түсетін хабарламалар.
Полицияда атап өткендей, қолданыстағы заңнама мұндай жағдайларға араласу мүмкіндігін шектейтінін атап өтті. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 34-бабына сәйкес, тұрғын үй иесі өз мүлкіне өз бетінше билік етуге құқылы. Сондықтан полиция қызметкерлерінің сот шешімінсіз пәтерді мәжбүрлеп жинауға немесе қоқысты шығаруға өкілеттігі жоқ.
Полиция өз құзыреті аясында тұрғын үй иелерімен профилактикалық әңгімелесулер өткізіп, материалдарды одан әрі қарастыру үшін тұрғын үй инспекциясына жібереді.

