Көлік салығы: жаңа ережелер мен мерзімдер
Биылдан бастап Қазақстанда көлік салығы жаңа ережелер бойынша есептеледі. Өзгерістер есептеу тәртібіне де, салық төлеушілердің жекелеген санаттарына да әсер етеді. Бұл туралы брифингте Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш мәлімдеді.
Көлік құралдарына салынатын салық автокөліктері бар барлық жеке тұлғалар үшін міндетті болып қала береді. Салық заңнамасына сәйкес, әрбір автокөлік иесі салықты өз бетінше есептеуге және төлеуге міндетті. Осы ретте, Сайранқан Қабыш атап өткендей, мемлекет бұл процесті барынша жеңілдетті.
— Салық органдары жыл сайын ақпан-наурыз айларында өткен кезең үшін салықты есептеуді жүргізеді. Сомалар салық төлеушілерге PUSH-хабарламалар, «жеке кабинеттер» және мобильді қосымшалар арқылы жіберіледі. Бұл азаматтарға ақпаратты уақытылы алуға және мерзімін өткізіп алмауға мүмкіндік береді, — деп түсіндірді департамент басшысының орынбасары.
2025 жылға арналған салықты төлеу мерзімі 2026 жылдың 1 сәуірінде аяқталады. Есептеу кезінде өткен жылы қолданыста болған 3 932 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылады.
Департаменттің мәліметінше, өңірде тіркелген көліктердің саны артып келеді. Егер 2024 жылы олардың саны 257 635 болса, 2025 жылдың соңына қарай 260 944-ті құрады. Салық түсімдері де тиісінше артуда. 2026 жылы 2025 жылға есептелген салық сомасы 5,02 млрд теңгені құрады, ал бір жыл бұрын бұл сома 4,78 млрд теңге көлемінде болған еді.
Басты жаңалықтардың бірі ескі көлік иелеріне салынатын салық жүктемесінің төмендеуі болды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмендету коэффициенттері енгізілді.
— 10 жылдан асқан көліктер үшін салық сомасы 30 пайызға, ал 20 жылдан асқан көліктер үшін 50 пайызға азайтылады. Бұл автокөлік иелеріне қолдау көрсету әрі көлік құралдарының тозуын ескеру үшін жасалған шара, — деп атап өтті фискалдық ведомство өкілі.
Өзгерістер бизнеске де әсер етті. Мәселен, заңды тұлғалар 701.00 нысаны бойынша ағымдағы төлемдер есебін тапсырудан, ал шаруа қожалықтары бір пикап үшін салық төлеуден босатылды.
Сонымен бірге салық берешегі мәселесі әлі де өзекті. 2026 жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша өңірде жалпы қарызы 385,9 млн теңгені құрайтын 6 907 борышкер бар. Алайда, департаментте атап өткендей, жағдай біртіндеп жақсарып келеді.
Бұған дейін 2024 жылғы берешек 840 млн теңгеден асып жығылса, бүгінде ол 450 млн теңгеден артық сомаға азайды.
— Біз берешектің төмендеуінің оң динамикасын көріп отырмыз. Бұл кешенді жұмыстың нәтижесі: оның ішінде хабарламалар, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл, сондай-ақ мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары бар, — деп хабарлады спикер.
Салық мерзімінде төленбеген жағдайда алдымен салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Содан кейін кешіктірілген әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Азамат одан әрі де салық төлеуден жалтаратын болса, материалдар жеке сот орындаушыларына жолданады. Мұндай жағдайда мүлікке тыйым салу, шоттарды бұғаттау, елден шығуға шектеу қою, тіпті көлік құралын басқару құқығынан айыру сияқты шаралар қолданылады. Осыдан бөлек борышкерге қарыз сомасының 25% мөлшерінде қосымша ақы төлеуге тура келеді.
2025 жылдың басынан бері өңірде 2 мыңнан астам рейд жүргізіліп, оның барысында 37 млн теңгеден астам қаражат өндірілді. Жұмыс берушілер арқылы жалақыдан берешекті ұстап қалу тетігі де белсенді қолданылуда.
Салықтық тексерулер мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылдан бастап Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдер бойынша микро- және шағын бизнес субъектілері үшін тексерулер өткізуге шектеулер енгізілді. Алайда бұл ретте бірқатар ережеден тыс жайттар қарастырылған.
Тексерулер салық төлеушілердің өздерінің өтініштері бойынша, қылмыстық істер шеңберінде, прокуратураның тапсырмасы бойынша, сондай-ақ камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды растау үшін жүргізілуі мүмкін.
Бұдан басқа есеп айырысудағы бұзушылықтар, құжаттардың сәйкессіздігі, электрондық шот-фактураларға қатысты мәселелер анықталған кезде, сондай-ақ тауарларды таңбалау және кассалық аппараттарды қолдану саласында тексерулер орын алуы ықтимал.
Департаментте атап өткендей, салықты уақытылы төлеу – санкциялар мен қосымша шығындарды болдырмаудың ең тиімді тәсілі. Бүгінде ол үшін барлық жағдай жасалған. Төлемді мобильді қосымшалар, банк сервистері, банкоматтар мен терминалдар арқылы жүзеге асыруға болады.
Төлемнің соңғы мерзімі жақындағанын ескере отырып салық мамандары автокөлік иелерін төлемдерді кейінге қалдырмай, берешегінің бар-жоғын алдын ала тексеруге шақырады.
— Біз барлық азаматтарға салық міндеттемелерін уақытылы орындауға кеңес береміз. Бұл айыппұл санкцияларының алдын алуға және қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді, — деп қорытындылады сөзін департамент өкілі.
Осылайша, жарияланған ақпаратқа сәйкес, көлік салығына қатысты жаңа ережелер азаматтардың бір бөлігіне түсетін жүктемені азайтуға, жүйенің ашықтығын және төлем тәртібін арттыруға бағытталған.

