Газета Мой Город

Әр тұрғынға қамқорлық: Риддерде жаңа деңгейдегі қызмет көрсететін емхана ашылады

2 сентября 2025, 15:00
0
Әр тұрғынға қамқорлық: Риддерде жаңа деңгейдегі қызмет көрсететін емхана ашылады

Қазан айында Риддер қаласының тұрғындары заманауи медициналық кешенге қол жеткізеді — қалада бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бүгін бұл нысанды моноқалаға жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов барып көрді.

Облыс әкімінің айтуынша, медициналық мекемеде қажетті жабдықтардың барлығы орнатылған, қазіргі уақытта мамандар іске қосу және баптау жұмыстарын жүргізуде.

— Бұл Риддер үшін маңызды әлеуметтік нысандардың бірі. Қаланың халқы өсіп келеді, туристер легі де артуда, сондықтан сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі — басты назарда. Жаңа кешен тұрғындарды заманауи медициналық қызметтермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді өңір басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл құрылыс жұмыстарын аяқтауға қайтарылған активтер есебінен 15 млрд теңге бөлінді. Ал келесі жылы көпсалалы аурухана кешенінің құрамында 200 орындық стационар жұмысын бастайды.

Медициналық кадрлардың кәсіби дамуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Ғимаратта дәрігерлерге арналған семинарлар мен тұрғындармен профилактикалық кездесулер өтетін акт залы қарастырылған.

Жаңа медициналық кешен — Риддер тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.