Газета Мой Город

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған техникалық оңалту құралдарының құнын анықтау тәсілі өзгереді

6 часов назад
0
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған техникалық оңалту құралдарының құнын анықтау тәсілі өзгереді

Енді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын техникалық оңалту құралдары үшін кепілдендірілген өтемақы сомасы нақты нарықтық деректер мен мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелеріне сүйене отырып, жаңа әдістеме бойынша есептелетін болады.

Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Наталья Литке мәлімдеді.

Оның айтуынша, өзгерістер жүйенің ашықтығын арттыруға және техникалық оңалту құралдарының құнын неғұрлым әділ анықтауға бағытталған. Егер бұрын кепілдендірілген соманы есептеу кезінде Әлеуметтік қызметтер порталының, мемлекеттік сатып алулардың деректері мен жеткізушілердің коммерциялық ұсыныстары ескерілсе, енді Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен интеграцияланатын Әлеуметтік қызметтер порталы мен электрондық дүкеннің мәліметтері негізге алынады.

— Өзгерістердің басты мақсаты — техникалық оңалту құралдарының құнын есептеуді барынша ашық, объективті және нақты нарықтық бағаға жақын ету. Бұл субъективті факторды болдырмауға, бірыңғай тәсілді қалыптастыруға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, бұл ретте азаматтарды әлеуметтік қолдауды қысқарту мәселесі қарастырылып отырған жоқ, — деп баса айтты Наталья Литке.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде атап өткендей, ақпараттық жүйелер интеграцияланған кезде ұсынылатын кепілдендірілген бағаларды қалыптастыру процесі автоматтандырылатын болады. Бұл қадам негізсіз шығындарды болдырмауға, қаражатты мүгедектігі бар жандарға шынымен қажетті сапалы әрі заманауи оңалту құралдарына бағыттауға көмектеседі деп күтіледі.

Сонымен қатар Қазақстанда техникалық оңалту құралдарын қайтарудың жаңа пилоттық тетігі енгізіліп жатыр. Ол қайта пайдалануға қауіпсіз болып келетін бұйымдарға ғана қолданылады. Бұл ретте протездер немесе жаялықтар сияқты жеке құралдар қайтаруға жатпайды.

Қайта пайдалану алдында әрбір техникалық оңалту құралы міндетті сараптамадан өтеді, оның барысында мамандар тозу дәрежесін, жөндеу қажеттілігін және одан әрі пайдалану қауіпсіздігін бағалайды. Ведомствоның пікірінше, мұндай жүйе азаматтарды қажетті құралдармен, соның ішінде жөндеу немесе жаңа бұйымдардың жеткізілуін күту кезеңінде жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.